Неліктен бетон жолдар көтеріледі және бұл Қазақстанға ғана тән проблема ма
Жақында Павлодар және Түркістан облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдарда цементбетон жабынының деформациялану жағдайлары тіркелді. Мұндай құбылыстар көбінесе автокөлік жүргізушілері мен азаматтардың алаңдатушылығын тудырады, бірақ бұл ақау немесе кемшіліктен туындаған мәселе емес, ауа райының қатты ысуы жағдайында бетонды жолдарда болатын қалыпты жағдай екенін түсіну қажет. Әрине, бұл тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес.
Сонымен, бетон неге көтеріледі?
Цементбетон жабындары температураның күрт өзгеруіне ерекше сезімтал келеді. Ыстық ауа райында плиталар қатты қызады, кеңейеді, егер бос орындар болмаса немесе қосылған жерлер бос болса, ішкі кернеу пайда болады. Бұл плиталардың күрт көтерілуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстанның оңтүстік және орталық облыстарына тән, әсіресе күндізгі температура +35C және одан жоғары аймақтарда жиі байқалады.
Әлемдік тәжірибеде бұл қалыпты физикалық құбылыстардың бірі:
АҚШ
Әр жазда Миннесота, Висконсин және Иллинойс штаттарында бетон жолдардың көтерілу деректері туралы хабарламалар тарап жатады. Мысалы, 2022 жылдың маусымында Миннесота штатында I-94 тас жолында бетон плиталары бірнеше рет көтеріліп, тіпті көлік қозғалысы уақытша жабылған жағдайлар да бар.
Германия
2019 жылы A93 автобанында ауа температурасы +38C болған кезде кенеттен бетон плитасы иіліп, нәтижесінде көлікке зиян келген оқиға орын алған.
Ресей
Ресейдің оңтүстік аймақтарындағы трассаларда (Ростов облысы, Краснодар өлкесі) жазда бетон жабынының жоғары температурада қисаю жағдайлары да тіркеліп отырады.
Польша
2023 жылдың жазында Батыс Польшадағы S3 трассасында бетонның «ісінуі» болды, оның басты себебі – ыстық пен тозығы жеткен материал.
Жол қызметінің іс әрекеті
Мұндай оқиға орын алған учаскелер бірден бақылауға алынады. Қазақстанда "ҚазАвтоЖол" мамандары сол жерге жедел жетіп, деформацияны жою бойынша жұмыстар жүргізеді, температуралық жапсарларды кеңейтеді, жабынның геометриясын қалпына келтіреді. Сондай-ақ, болашақта мұндай құбылыстардың алдын алу үшін технологиялар енгізілуде, олар күшейтілген деформациялық тігістер, температуралық компенсаторлар, термиялық әсерге төзімді заманауи бетон қосылыстары.
Бетонның көтерілуі өте сирек кездесетін мәселе емес, жол құрылысы бойынша озық стандарттары бар дамыған елдердің де алдында тұрған физикалық құбылыспен түсіндірілетін процесс. Мұндай жағдайларда тез әрекет ету маңызды, жою және алдын алу шараларын қабылдау қажет. Сынның орнына түсіну қажет: бетон жолдар жоғары беріктікке ие болса да, климаттық жағдай мен температураның күрт ауытқуы кезінде ерекше күтімді қажет етеді.


