Құрметті жол қозғалысына қатысушылар!
Республикалық маңызы бар «Астана - Қарағанды - Алматы» автожолының Қарағанды - Балқаш учаскесінде қазіргі уақытта арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнату бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Назарларыңызға сала кетейік, жол белгілері жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумаққа дейінгі тиісті қашықтықта алдын ала орнатылады және бекітілген дислокацияға, сондай-ақ нормативтік-құқықтық талаптарға қатаң сәйкес келеді. Бұл жүргізушілерге жылдамдықты дер кезінде төмендетуге және қозғалысты қауіпсіз режимге ауыстыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс жүріп жатқан аумақта жөндеу жұмыстары туралы ескерту жасайтын, алдын ала жылдамдықты кезең-кезеңімен 90 км/сағ, 70 км/сағ, 50 км/сағ және 20 км/сағ дейін шектейтін, сондай-ақ басып озуға тыйым салатын барлық қажетті жол белгілері орнатылған.
Алайда, кейбір жүргізушілердің жол белгілері мен таңба талаптарын орындамау деректері тіркелуде. Жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыру, тыйым салынған жерлерде басып озу және жол жұмыстары жүріп жатқан аймаққа заңсыз кіру жағдайлары орын алуда. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын өрескел бұзу болып саналады және жүргізушілер мен жолаушылардың, сондай-ақ жол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес:
- жүргізушілер жол белгілері мен таңба талаптарын, әсіресе жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде мүлтіксіз сақтауға міндетті;
- жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеге жақындаған кезде жүргізуші жылдамдықты алдын ала төмендетуге немесе жол жағдайына және орнатылған белгілердің талаптарына қарай тоқтауға міндетті;
- жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақта, сондай-ақ тиісті тыйым салатын белгі орнатылған немесе үздіксіз жолақ сызылған жерлерде көліктерді озуға қатаң тыйым салынады;
- жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумаққа тек арнайы жол техникасы мен уәкілетті қызметтердің көлік құралдарына кіруге рұқсат етіледі.
Жол белгілерінің, бағдаршам сигналдарының, сондай-ақ таңбалардың талаптарын және жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелер арқылы өту тәртібін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Өкінішке қарай, алдын ала деректер бойынша, аталған автожолдың осы учаскесінде (454 км) жол белгілері мен таңба талаптарын сақтамаудың салдарынан адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл оқиғада 7 адам қаза тапты.
Барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға және тәртіптілікке шақырамыз. Есіңізде болсын: жол белгілерін, жылдамдық режимін және озуға тыйым салу талаптарын қатаң сақтау - сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі.
Өзіңізді және жолдағы басқа қатысушыларды қорғаңыз!


