"Кеген - Нарынқол" автожолының 0-74 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы
Алматы облысында республикалық маңызы бар "Кеген-Нарынқол" автожолының 0-74 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың көктемінде жүргізілген конкурстық рәсімдердің нәтижесінде аталған жұмыстарды орындау үшін мердігер анықталған болатын. Жобаны жүзеге асыру 2025–2026 жылдарға жоспарланған.
Қазіргі уақытта мердігер жол-құрылыс жұмыстарына дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Нысанға 30-дан астам арнайы жол-құрылыс техникасы мен 45 жұмысшы жұмылдырылды.
Мердігер тарапынан ұсату-құмдау қондырғысы іске қосылды. Сағатына 160 тонна өнім шығаратын асфальтбетон зауытының монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Асфальтбетон зауытының іске қосу жұмыстарын 2025 жылғы 20 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қосымша ұсату-құмдау жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада тағы екі ұсату-құмдау қондырғысы қосылмақ.
Өңірдің күрделі климаттық жағдайларын және жауын-шашынның жиі түсу ықтималдығын ескере отырып, асфальтбетон зауыты пайдалануға берілгенге дейін жол жамылғысын ашу жұмыстарын бастамау туралы шешім қабылданды. Бұл жер төсемінің ылғалдануын болдырмауға және жұмыстың одан әрі орындалуына кедергі келтірмеуге бағытталған.
Бүгінгі күні мердігер жолды уақытша ұстау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр, оның ішінде шұңқырларды суық асфальтпен жабу және жол бойындағы қоймаларда қажетті материалдарды дайындау.
Жобаны іске асыру аясында "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облыстық филиалы жергілікті тұрғындармен бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, алдағы жол жөндеу жұмыстарының кезеңдері мен жоспары туралы, сондай-ақ бұл шаралардың өңір үшін маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарды жүргізді.


