Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткізді.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сырым Хамзиннің төрағалығымен және қос ұйымның өкілдерінің қатысуымен өткен жиында жол қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Талқылау барысында мынадай мәселелер көтерілді:
- қауіпті жол учаскелерін қызыл жолақтармен және арнайы белгілермен белгілеу;
- 3 және одан да көп жолақтары бар жолдардағы көлік құралдарының қозғалыс жолақтары бойынша жылдамдық режимін шектеу;
- үй жануарларымен болған ЖКО ескертулері;
- қар басатын аймақтарда тростық қоршаулар орнату;
- кей учаскелерде жылдамдық шегін 110-нан 140 км/сағ-қа дейін көтеру.
Сондай-ақ, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті тарапынан «ҚазАвтоЖол» компаниясының автомобиль жолдарын пайдалану кезінде енгізген жаңа технологияларының тиімділігі атап өтілді.
Сонымен қатар, алғаш рет «Астана–Щучинск» және «Астана–Теміртау» автожолдарында қолданыла бастаған, ауа райы қолайсыз болғанда, жол-көлік оқиғасы немесе жөндеу жұмыстары кезінде көліктердің жиналуын болдырмауға арналған «қақпа жүйелері» де оң бағасын алды.
Қорытындылай келе, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған бұл шаралар уәкілетті органмен тығыз координацияда іске асырыла отырып, апаттылық деңгейін тұрақтандыруға және жол апаттарының зардабын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.


