Адам шығынымен аяқталған жол-көлік оқиғалары туралы
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2025 жылғы 24-25 шілде күндері Жамбыл және Алматы облыстарында республикалық маңызы бар автожолдарда орын алған екі жол-көлік оқиғасы туралы хабарлайды. Апат салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы 4 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
2025 жылғы 24 шілдеде сағат 09:40-та «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 451 шақырымында (Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Қашқантеңіз станциясына жақын жерде) Toyota Alphard көлігі мен жүк тиегіш экскаватордың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, арнайы техникамен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды.
2025 жылғы 25 шілде күні сағат 10:15-те республикалық маңыздағы KAZ-06 «РФ шекарасы (Жайсан ө\п) – Мәртөк – Ақтөбе (солтүстік айналма жолымен) – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент (солтүстік айналма жолымен) – Тараз (айналма жолымен) – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы ө/п)» автожолының 81+500 шақырымында (Алматы облысы, Жамбыл ауданы Самсы ауылының маңы) Toyota Alphard көлігі мен трактор соқтығысты.
Оқиға болған сәтте жолдың аталған учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Жұмыстар тиісті рұқсатнама негізінде жүзеге асырылып, барлық қажетті уақытша жол белгілері орнатылған. Жөндеу нысанында 9 қызметкер және 5 техника бірлігі жұмыс істеген.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Alphard жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, жүк көлігін оң жақ жолақ арқылы басып озуға тырысқан. Нәтижесінде ол қоршалған жөндеу аймағына шығып кетіп, арнайы техникамен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам, оның ішінде бір жол қызметкері қаза тапты, тағы 2 адам жарақаттанды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтады.
Барлық жол қозғалысына қатысушыларға көлік қозғалысын ережесін сақтауды және жолда мұқият болуды сұраймыз.
Жолдағы қауіпсіздік - баршамыздың ортақ міндетіміз.


