icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Ауыр жүк көліктері жаңадан салынған жолдарды бұзуда

Ауыр жүк көліктері жаңадан салынған жолдарды бұзуда

Автомобиль жолдарының жол-құрылыс жұмыстары барысында жиі кездесетін өзекті мәселелердің бірі - көлік жүргізушілердің шектеу қойылған аймақтардағы жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Әсіресе, ауыр салмақты көлік құралдары жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған жол учаскелерінен өту арқылы жаңа төселген жабынды бұзуда. Жүргізушілердің уақытша шектеулерге немқұрайлы қарауы салдарынан жол жамылғысы мерзімінен бұрын жарамсыз болып, оны қалпына келтіруге қосымша қаражатты қажет етіп, жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына кедергі келтіреді.

Мұндай жағдайдың нақты мысалы ретінде Түркістан облысы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ - Гагарин - Жетісай - Кировский - Қызыләскер - Сарыағаш - Абай - Жібек жолы» автожолының 156-190 шақырым аралығындағы учаскесін айтуға болады. Бұл аралықта ұзындығы 34 шақырымды құрайтын (III техникалық санат) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның аяқталуы 2025 жылдың қазанына жоспарланған. Жоба аясында ескі жабынды жону, екі қабатты асфальтбетон төсеу және нығайтылған жол жиегін орнату көзделген.

Алайда, 2025 жылғы шілде айында 157-175 шақырым (ұзындығы 18 шақырым) аралығында асфальтбетон жамылғысында ойықтар мен шұңқырлар түрінде ақаулар анықталды. Бұл жағдай ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілмеген қозғалысы мен белгіленген тәртіпті өрескел бұзуынан туындады. Ескерту белгілерінің орнатылғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер жаңадан төселген жабынмен жүруін жалғастырып, оның толық қатуына және беріктік қасиеттерінің қалыптасуына кедергі келтірді.

Жөндеу жұмыстары шектеулі жағдайда жүргізілуде: балама айналма жол қарастырылмаған, ал көлік ағынының қарқындылығы тәулігіне 15 мыңнан асады. Сонымен қатар, өңірде ауа температурасы +45, +50С-қа дейін жететін аптап ыстық байқалуда. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі №492 бұйрығына сәйкес, 1 маусымнан 31 тамызға дейінгі кезеңде ауа температурасы +25С-тан асқан жағдайда сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ауыр жүк көліктерінің (жеке өске түсетін салмағы 8 тоннадан жоғары) қозғалысына Түркістан облысында шектеу енгізілді. Алайда бұл талаптар жиі ескерілмей, өрескел бұзылуда.

Айта кету керек, аталған учаске бойынша жұмыстарды тапсырыс беруші әлі қабылдамады және қаражаты төленген жоқ.

Анықталған ақауларға байланысты жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қалпына келтіру шаралары мердігердің өз қаражаты есебінен жүргізілуде, бюджет қаражаты тартылмайды.