Жаз мезгілінде Қазақстанның ақылы жолдарымен 24 млн-нан астам сапар жасалды: саяхатшылар қай бағыттарды таңдады және қандай маршруттар көш бастады
2025 жылдың жаз айларында еліміздің ақылы автожолдарымен көлік жүргізушілері 24 миллионнан астам рет жүріп өтті. Қозғалыстың артуы жазғы демалыс кезеңімен қатар, ішкі туризмнің дамуына және соңғы жылдары іске асқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуына тікелей байланысты болды.
Бүгінде заманауи автожолдар ірі қалаларды өзара жалғап қана қоймай, еліміздің туристік бағыттарына қолжетімділікті арттыруда. Биыл сегіз өңірде республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылғы жаздағы ең көп сұранысқа ие бағыттар
Астана – Щучинск (1,36 млн сапар) – еліміздің ең танымал курорттарының бірі Бурабайға апаратын негізгі жол. Бұл өңір табиғатымен, қылқан жапырақты ормандарымен және өзен-көлдерімен ерекшеленеді.
Астана – Теміртау (1,44 млн сапар) – Қазақстанның ірі индустриялық орталығына алып баратын жол. Қарағанды облысының мәдени және туристік нысандарына алып баралды.
Алматы – Қонаев – Талдықорған (5,4 млн сапар) – Жетісу өңіріне апаратын негізгі бағыт. Мұнда Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, сондай-ақ демалушылар жиі таңдайтын Алакөл орналасқан.
Алматы – Қорғас (696 мың сапар) – Қазақстан-Қытай шекарасындағы ірі сауда-экономикалық және туристік орталыққа апаратын жол.
Шымкент – Тараз – Қайнар (5,1 млн сапар) – Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалаларға апаратын маршрут. Бұл бағыт тарихи-мәдени мұраларымен құнды.
Шымкент – Өзбекстан шекарасы (2,66 млн сапар) – туристік те, іскерлік те мақсаттағы сапарлар үшін сұранысқа ие бағыт. Осы жол арқылы Самарқанд пен Бұхараға жетуге болады.
Павлодар – Семей – Қалбатау (448 мың сапар) – Шығыс Қазақстанға апаратын жол. Бұл аймақ табиғи сұлулығымен және Абай мұрасымен әйгілі.
Қостанай – Денисовка (843 мың сапар) және Ресей шекарасына шығатын бағыттар (700 мыңнан астам сапар) – солтүстік өңірлер мен көршілес елге қатынайтын маңызды жолдар.
Жол - туризмді дамытудың қозғаушы күші
Астана – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш бағыттарындағы ірі жобалардың аяқталуы ішкі туризмнің дамуына септігін тигізді. Демалушылар Каспий теңізіне, Алтайға, Жетісуға және Орталық Қазақстанға кедергісіз саяхаттай алады.
Ақылы автожолдардың дамуы тек көлік қатынасын жақсартумен шектелмей, елдегі туризмді ілгерілетуге де зор ықпал етуде. Курорттық аймақтар, табиғи парктер мен тарихи орындар автосаяхатшылар үшін бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.


