icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Жол-құрылыс саласында 9 айда атқарылған жұмыстары және республикалық автожолдарды қысқы күтіп-ұстау туралы

Жол-құрылыс саласында 9 айда атқарылған жұмыстары және республикалық автожолдарды қысқы күтіп-ұстау туралы

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен брифинг өтті. Іс-шара барысында компанияның 2025 жылдың тоғыз айындағы жол саласындағы қызметінің қорытындылары және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары баяндалды.

Дархан Иманашевтің айтуынша, «ағымдағы жол-құрылыс маусымында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 9,5 мың шақырымы түрлі жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 2,9 мың шақырымы – қайта жаңарту және құрылыс, 460 шақырымы – күрделі жөндеу, 5,1 мың шақырымы – орташа жөндеу». Аталмыш жұмыстарға 25 мыңнан астам маман мен 10 мың бірлік арнайы техника жұмылдырылып, 12 млн тонна қиыршық тас және 544 мың тонна битум пайдаланылған.

Компания басшысы атап өткендей, «2025 жылы қайта жаңарту және құрылыс жұмыстарымен 2,9 мың шақырым автожол қамтылды. Бұл бағытта 3 мыңнан астам маман, 5 мыңнан астам жол техникасы және 40 асфальтбетон зауыты тартылды». Биылдың өзінде 2 мың шақырым жол пайдалануға берілді. Маңызды нысандардың қатарында ұзындығы 415 шақырым болатын «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының толық іске қосылуы, сондай-ақ «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» (28 км, І санат), «Қызылорда – Жезқазған» (192 км, ІІ санат) және «Құрты – Қапшағай» (67 км, І санат) учаскелеріндегі қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы аталды.

«Күрделі жөндеумен жалпы ұзындығы 460 шақырым болатын 31 жоба қамтылған. Жыл соңына дейін ұзындығы 174 шақырым болатын 7 нысанды аяқтау жоспарланған. Орташа жөндеу жұмыстары 5 117 шақырымға созылған 209 учаскеде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 48 нысандағы жұмыстар толық аяқталған. Ағымдағы жөндеу көлемі 1,1 млн шаршы метрден асты», – деді Дархан Иманашев.

Спикердің айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 26 учаскесі ақылы жүйеге енгізілген, олардың жалпы ұзындығы 4 883 шақырымды құрайды. «2025 жылдың тоғыз айында ақылы жолдардан түскен түсім 62 млрд теңгені құрап, бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп ұстауға және техникалық паркті жаңартуға бағытталды», – деп атап өтті басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, республикалық желіде 1 500-ге жуық жол бойы сервис нысандары жұмыс істейді, олардың 93%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Биыл 33 жаңа нысан – жанармай бекеттері, қонақ үйлер, тамақтану орындары және санитарлық-гигиеналық кешендер іске қосылған. «Жол пайдаланушылардың жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 30 жаңа санитарлық модуль орнатылып, олардың жалпы саны 155-ке жетті. Сонымен қатар, бірыңғай дизайн-код енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде», – деді компания басшысы.

Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерін жаңғырту аясында 2030 жылға дейін 37 пунктті қайта жаңарту көзделген, олардың 14-і 2025 жылға арналған жоспарға енгізілді. Қазіргі таңда төрт нысанда құрылыс жұмыстары басталған.

Сапаны бақылау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Жол құрылысының барлық кезеңінде сапа бақылауы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 2 777 ақау анықталып, оның 1 400-ге жуығы жойылды, қалғандары жоспарлы түрде түзетілуде. Сапа талаптарын бұзған техникалық қадағалау қызметтеріне 200 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, 36 маман жұмыстан босатылып, 10 мердігер ұйым жозықсыздар тізіміне енгізілді», – деді Дархан Иманашев.

Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары бойынша басқарма төрағасы атап өтті: «Республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым, оның 22 мыңы тұрақты күтімде. Бұл жұмыстарды «ҚАЖСервис» ЖШС жүзеге асырады, оның құрамында 95 жол пайдалану учаскесі және 102 өндірістік база бар». Компанияның техникалық паркі 2 664 бірлікті құрайды, осы жылы қосымша 526 техника сатып алынған. Қысқы маусымға 70 мың тонна техникалық тұз, 113 мың текше метр құм, 170 мың текше метр қиыршық тас және 1,3 мың тонна химиялық реагент дайындалды. Қар мен боран қаупі жоғары 2 200 шақырым учаскелерде 70 мың қардан қорғайтын қоршау орнатылған.

Жол жағдайы туралы ақпарат беру мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы жыл басынан бері 800 мыңға жуық қоңырау қабылдады. Астана – Қарағанды және Астана – Щучинск бағыттарында 72 электронды ақпараттық табло орнатылып, жүргізушілерді ауа райының өзгеруі мен жылдамдық режимі туралы жедел хабардар етеді.

Қорытындылай келе, Дархан Иманашев: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді дәйекті түрде іске асырып келеді. Басты мақсат – еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, жол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және барлық жол пайдаланушылар үшін жайлы жағдай жасау», – деп атап өтті.