Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен - Шемонаиха - РФ шекарасы» автожолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен - Шемонаиха - РФ шекарасы» автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 120 шақырым, оның 93 шақырымы жөнделуде.
Құрылыс жұмыстарына 82 бірлік арнайы техника мен 138 маман жұмылдырылған.
Қазіргі таңда ұзындығы 30 шақырымды құрайтын екі учаскеде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ұзындығы 63 шақырымды құрайтын қалған екі учаскеде негізгі жұмыстар аяқталды, суық ресайклинг әдісімен негіз қалыпқа келтіріліп, төменгі және жоғарғы жабын қабаттары төселді. Сонымен қатар, жол жиегін нығайту, су өткізу құбырларын орнату, жол белгілері мен қоршаулар сияқты жол инфрақұрылымы элементтерін орнату жұмыстары жүргізілуде, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Құрылысқа заманауи технологиялар қолданылып, нормативтік талаптарға сәйкес орындалуда.
Айта кету керек, 1175–1191 және 1194–1212 шақырым аралығындағы учаске, соның ішінде 1211–1212 шақырым аралығы «Үбе» өткізу пункті аумағындағы бейтарап аймақты қамтиды. Орташа жөндеу жұмыстары аясында өткізу қабілетін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы тарапынан кіреберіс пен шығаберіс жолдары 12 метрге дейін кеңейтіледі.
Бұл жол халықаралық және өңіраралық маңызға ие, сауданың, туризмнің, логистиканың дамуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.


