icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Шығыстың маңызды дәлізі
Шығыстың маңызды дәлізі

Былтыр еліміздің шығыс өңірінде жүзеге асқан ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының (615–967 шақырым) қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді.

Жаңартылған жолдың жалпы ұзындығы 352,7 шақырым, жобаның құны 185,8 миллиард теңгені құрады. Қаржыландыру екі көзден жүргізілді: 15 пайызы республикалық бюджеттен, ал 85 пайызы Қытайдың Эксимбанкі есебінен. Бас мердігер – CITIC Construction Co., LTD.

Аймақ дамуына серпін берген жол
Қайта жаңартылған бұл жол бүгінде елдің орталық өңірлерін Қытаймен және Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстыратын маңызды бағытқа айналды.
Трасса жүк және жолаушылар қозғалысын жеңілдетіп, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізді. Сонымен қатар, Талдықорған мен Өскемен арасындағы жол жүру уақыты шамамен үштен бірге қысқарды.

Жол бойында 22 көпір, 2 жол айрығы, 296 су өткізгіш құбыр салынды. Сондай-ақ 3 мыңнан астам жол белгісі, 30 шақырымға жуық қар тосқауылдары және 182 шақырым барьерлік қоршаулар орнатылды. Нәтижесінде өңір халықаралық талаптарға сай, қауіпсіз әрі сапалы жол инфрақұрылымына ие болды.

Әлеуметтік және экономикалық маңызы
Жол құрылысы тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды жоба болды. Құрылыстың барлық кезеңінде жыл сайын орта есеппен 1 530 жергілікті тұрғын еңбек етті. Оларға төленген жалақы көлемі 36 миллиард теңгеден асты.

Сонымен қатар, құрылыс нысандарын азық-түлік және басқа да қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін жергілікті өнім кеңінен пайдаланылды. Бұл ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашты. Жергілікті өндірушілерге төленген жалпы сома 6,4 миллиард теңгеден асты.

Қазіргі таңда жобаның нәтижесі нақты сезілуде: жолдың жақсаруы өңірдің нарықтық байланысын кеңейтті, инвестиция тартуға ықпал етті және өндіріс орындарының логистикалық шығындарын азайтты.

Ұлттық маңызы бар бастама
«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жобасы еліміздің көлік жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды. Ол «Орталық – Шығыс» көлік дәлізінің дамуына елеулі үлес қосты және ел ішіндегі жолдар мен халықаралық бағыттар арасындағы байланысты күшейтті. Атап айтқанда, бұл бағыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және Транскаспий дәлізімен түйісіп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыра түсті.

Бұл жоба — тек жол сапасын арттыру емес, сонымен бірге Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік хабы ретіндегі беделін нығайтуға бағытталған стратегиялық инвестиция.

Бір жылдық нәтиже
Араға бір жыл салып, жаңғыртылған жол өзінің тиімділігін толық дәлелдеді.
Жаңа жол Абай облысының экономикалық байланысын күшейтіп, өңірдің әлеуетін арттырды. Жобаның арқасында тұрақты жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылымдық даму халық тұрмысына нақты әсер ете бастады.

Бұл жол – бизнес үшін логистика шығынын азайтудың, мемлекет үшін транзиттік табысты көбейтудің, ал тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынастың кепіліне айналды.