Жамбыл облысының Қордай ауылдық округінде орналасқан «Қордай» өткізу пунктінің құрылысы, қайта жаңартылуы мен кеңейтілуі бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Жоба бойынша қолданыстағы жолақтарды, өткізу терминалдарын, бақылау-өткізу пунктін, кедендік қызметтің ғимаратын және өткізу пунктіне қарасты өзге де нысандарды қайта жаңарту көзделген. Сонымен қатар, биыл мамандар жылдам тексеру шараларын жүргізуге арналған жаңа инспекциялық-тексермелеу кешенінің құрылысын бастайды. Қазіргі таңда барлық қажетті техника мен құрылыс материалдары дайын.
Қайта жаңарту жұмыстарының барысында өткізу пунктінде уақытша орнатылған өту аймағы мен терминалдар арқылы тек жаяу жүргіншілер өтетіндігі туралы хабарлаймыз. Ал автокөліктер көршілес орналасқан «Қарасу», «Сортөбе» және «Ауқатты» пункттері арқылы өткізілетін болады. «Қарасу» пунктіне апаратын республикалық маңызы бар жолдың да, «Сортөбе» мен «Ауқаттыға» апарар облыстық маңызы бар күре жолдың да жағдайы жақсы дәрежеде.