Басқарма төрағасының орынбасары Алмас Ақылов пен жол бойындағы сервисті дамыту бөлімінің басшысы Рашид Рафиков мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1-қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауындағы "2025 жылға дейінгі міндет - 24 мың шақырым жолды, яғни барлық республикалық жолдарды қайта жаңалап, жөндеп, жолдар бойын сервистермен қамтамасыз ету керек" тапсырмасын орындау мақсатында ақпан айында Балқаш қаласы мен Шет, Мойынқұм аудандарының әкімдіктерімен жиналыс ұйымдастырды.
Жиынға аудан әкімдері, Сәулет, кәсіпкерлік және жер қатынастарының басқармасы, өңірлік филиалдар қатысты. Кездесу барысында жол бойындағы сервис нысандарын дамыту мәселесімен қатар, өңірлік сервис нысандарын ҚР СТ 2476-2014 Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру жөніндегі іс-шаралар кешені де талқыланды. Якорлық инвесторлардың 2024 жылға дейін 134 жанар-жағармай құю бекетін орнату туралы жоспарлары мен жер учаскелерін алу барысындағы өзекті мәселелерге де назар аударылды.
Жиналыстың қорытындысы бойынша, көкейкесті мәселелердің шешімі табылып, жол бойындағы сервис нысандары орналасатын жер учаскері белгіленді. Сондай-ақ, бұл аудандардағы жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жоспары да жасалды. Ақсу-Аюлы, Балқаш, Сарышаған, Бурылбайтал елді мекендерінің маңындағы жер учаскелерін инвесторларға беріп, жол бойында көпфункционалды сервис нысанының құрылысын бастау механизмдері пысықталуда.