"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ақмола облысындағы қоғамдық тыңдауда өңірдің автожолдары қашан ақылы болатынын хабарлады
Ақмола өңірі арқылы республикалық маңызы бар төрт автомобиль жолы өтеді. Олардың екеуі - Нұр-Сұлтан-Щучинск және Нұр-Сұлтан-Қарағанды бұрыннан ақылы.
Биыл Ақмоладағы қалған екі тас жолда – Нұр-Сұлтан-Павлодар және Нұр-Сұлтан-Қостанай - ақы алудың ашық жүйесі енгізілетін болады. Елордадан еліміздің шығысына қарай шығатын жүрдек жол төрт жолақты болса, ал М-36 жолының Қостанайға дейінгі жалғасы екі жолақты болып қала береді. Бұл көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты. Мемлекеттік стандарт бойынша көп жолақты тас жол тәулігіне 7 мыңнан астам автокөліктен асқан кезде ғана салынады, Қостанайға апаратын күре жолдағы көлік ілегі әзірше 5 мыңнан төмен.
Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының ұзындығы – 396 км. Ақылы автожол учаскесі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ерейментау ауданы арқылы өтеді. Мұнда 7 бақылау аркасы орнатылған. Жол 1 техникалық санатқа жататындықтан, ондағы рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы сағатына 140 км құрайды.
Нұр-Сұлтан-Қостанай жолының ұзындығы – 650 км. Аталмыш ақылы учаскеде 9 арка орнатылып, олар осы көктемде тестілік режимде жұмыс істей бастайды. Айта кетсек, бұл жолда жеңіл автокөлік иелері жол жүру ақысын төлемейді, өйткені учаске 2 және 3 санаттағы жолдар.
Қоғамдық тыңдауларда жергілікті тұрғындар балама жол қарастырылған ба деп жиі сұрады. "Қазавтожол" өкілдері кейбір өңірлерде ақылы бағыттармен қатар тегін маршруттар бар, алайда Қазақстанда жаңа балама жолдар салынбайды, өйткені "Автомобиль жолдары туралы" заңда мұндай міндеттемелер қарастырылмаған деп атап өтті.
Басқа аймақтардағыдай, Ақмола облысының тұрғындары "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-на ақылы трассаларда жарық орнату, жол бойындағы қоршауларды жақсарту, жол үстіне тосқауылдарды орнату, сапалы қар ұстайтын және трассаларда қарды уақтылы тазалау деген талаптарын қойды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын, коммуналдық қызмет көліктерін және жергілікті кәсіпкерлерді жолақысын төлеуден босату ұсынылды.
Тұрғындар тарапынан тың идеялар да айтылды: ақылы жол өтетін әрбір елді мекенде апаттық немесе қауіпті жағдайлар туралы ескерту үшін әр 20-30 км сайын электронды табло қою, жылы аялдамалар мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, ақылы учаскелерге қызмет көрсетуді бәсекелес ортаға беру, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азматтарды, көп балалы аналарды төлем төлеуден босату.
Анықтама: 2021 жылы мемлекет 5.8 мың км жолда ақылы жол енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат - қауіпсіздікті арттыру және республикалық автожолдарды күтіп-ұстауға арналған бюджет шығыстарын қысқарту.