Ағымдағы жылдың 12 сәуірінде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-да Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу сапасын жақсарту мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық жолдардың сапасына қатысты жағдайды түзету туралы тапсырмасы ескерілді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, Республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту мақсатында авторлық және техникалық қадағалауды күшейту болды.
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының сыны әділ. Егер азаматтардың шағымдары болса, онда біздің жұмысымызда, кемшіліктер бар деген сөз. Олқылықтар қысқа мерзімде түзетілуі тиіс. Адамдарға сапалы жол керек. Ол жолды адамгершілікпен сапалы түрде жасайық", - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Ұлан Әліпов кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде.
Сыбайлас жемқорлық қауіпін төмендету мақсатында мердігер ұйымдар басшыларының назарына "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат жеткізілді (автожол саласын цифрландыру, орындалған жұмыстарды қабылдау процесіне қоғамды тарту, сайтқа интерактивті карталарды орналастыру және т.б.).
Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Ұлан Әліпов мердігерлік ұйымдардың басшыларына, авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне автожолдарды салу мен жөндеуде қолданылатын барлық материалдардың кіру бақылауын тұрақты түрде қатаң бақылауға алуды, нысандарды техникалық қадағалауға тұрақты түрде қатысуды, әрбір технологиялық процесті қадағалауды, сондай-ақ орындалған жұмыстардың бекітілген жобалау-сметалық және нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкестігін бақылауды тапсырды.
Мердігерлік ұйымдарға орта буын мамандарының жауапкершілігін күшейту бойынша шаралар қолдануды ескертті. Атап айтқанда, технологиялық процестерді орындауға қатысатын мамандардың жұмысты орындау сапасы заманауи стандарттарына сай келмейтін болса, қатаң шаралар қолдану тапсырылды.
Жұмыстарды орындау сапасының заманауи стандарттарына сай келмейтін ұйымдар мен мамандарға қатысты ең қатаң жауапкершілік шаралары қолданылатын болады.