Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар автожолдарды салу және жөндеу, жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Президенттің жергілікті және республикалық жолдардың сапасына қатысты орынды сынын ескере отырып, 27-сәуір күні «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлы еліміздегі автожол жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде облыстық филиал директорларының баяндамаларын тыңдады.
2,2 мың шақырымды пайдалануға беру және 1,2 мың шақырымда көлік қозғалысын қамтамасыз ету іспеттес маңызды міндеттер жүктелген өңірлерге ерекше назар аударды. Бұл Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бурылбайтал, Бурылбайтал-Күрті, Қандыағаш-Мақат-Атырау, Атырау-Астрахань, Қалбатау-Майқапшағай, Меркі-Бурылбайтал жобалары. Сәйкесінше филиал директорларына сапаны бақылаудың барлық талаптарын сақтай отырып, жұмыстың қарқынын арттыру тапсырылды.
Сонымен қатар, жобаларды уақтылы іске асыру және ұзындығы шамамен 800 шақырым болатын күрделі жөне орташа жөндеу жобаларының құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын арттыру бойынша іс-шара қабылдану үстінде. Сондай-ақ Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау бойынша шаралар қабылдануда.
Қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ашық болуы мақсатында, Басқарма Төрағасы Жол активтерінің сапасы Ұлттық орталығының, "ҚазжолҒЗИ" АҚ мамандарын, қоғам белсенділерін тарта отырып, сапаны тиісті бақылау бойынша қабылданып жатқан шараларды күшейтуді тапсырды.
Жиынның нәтижесі бойынша Басқарма Төрағасы автожүргізушілермен кері байланыстың тиімділігін арттыру, сапалы және жайлы жол жүруді қамтамасыз ету үшін мердігерлерді қатаң бақылау ісін қолға алу қажеттілігін атап өтті. Құрылыс пен жөндеу жұмыстарында қолданылатын материалдардың кіріс тексерісін жүзеге асыруды тұрақты негізде қатаң бақылау, әрбір технологиялық процесті қадағалау, Қазақстан автокөлік жүргізушілері үшін сапалы және қолайлы жол жүруді қамтамасыз ету үшін мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту тапсырылды.