Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ жаңа технологияларды сынақтан өткізу және енгізу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Мәселен, биылғы жол-құрылыс маусымы аясында Р-2 "Нұр-Сұлтан - Қорғалжын" республикалық тас жолының учаскесінде жол жабынындағы шұңқырларды жөндеу кезінде "RapidAszfalt" (Венгрия өндірісі) суық асфальт қоспасын апробациялау басталды. Технологияның артықшылығы оны қандай да бір дайындық жұмыстарынсыз, қыздырмай-ақ және қоспаларсыз пайдалана беруге болады.
Сондай-ақ, бұл технологияны қолданған кезде ауыр арнайы техниканың қажеті жоқ (қолмен нығыздау; вибро-машина ғана жеткілікті).
Қоспа тез қатаяды, соның арқасында жөнделген аймақты бірден ары қарай қолдана беруге болады.
Өндірушілердің ақпаратына сәйкес "RapidAszfalt" технологиясын ауа-райы суық болған кезде де қолдана беруге мүмкіндік бар (-20°C-дан + 50°C-қа дейін қасиеттерін сақтайды).
Апробация сәтті болған жағдайда аталған технологияны жол-құрылыс саласына енгізу жоспарланып отыр.
“ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ баспасөз қызметі