"Қалбатау-Майқапшағай" тас жолының құрылысы қайта жанданды

"Қалбатау-Майқапшағай" тас жолының құрылысы қайта жанданды

"Қалбатау-Майқапшағай" тас жолының құрылысы қайта жанданды

Еліміздегі құрылысы ұзаққа созылып, проблемалық деп танылған тас жолдардың бірінде, яғни “Қалбатау-Майқапшағай” күре жолында құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ үлкен жұмыс атқарды: құрылыс консорциумының құрамы қайта қаралды, қосымша келісімге қол қойылды, қажет арнайы техника мен жол қызметкерлері жұмылдырылды, ең бастысы-құрылыс жұмыстары қайта басталды.

Осылайша, бас мердігердің алдына 2022 жылдың соңына дейін 250 шақырым жолды қолға алу міндеті қойылды.

"Құрылыс консорциумымен келісімшартқа 2017 жылы қол қойылды. Бірнеше жыл бойы жобалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы учаске саны —10. Қайта құру (реконструкция) жұмыстарының қарқыны  төмен болып, мердігерлер бекітілген жұмыс кестесінен қалып қойды. Негізгі себеп — бас мердігерлердің жұмысына салғырт қарап, жұмыс істемеуі. Құрылыс консорциумы бір шетелдік (Қытай) және бір отандық компаниядан тұрды. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап Қытай елінің компаниясымен және ЭксимБанкпен келіссөздер жүргіздік. Жұмысты қытайлық компания аяқтайтыны туралы келісімге келдік, бас мердігер жыл соңына дейін жолдың көп бөлігінде жол қозғалысын қамтамасыз етуге ниетті. 2023 жылдың соңына дейін осы жобаны сәтті аяқтау үшін барлық қажет шараларды қолданамыз. Қалған құрылысы ұзаққа созылып кеткен тас жолдар бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізудеміз",-деді ҚазАвтоЖол басшысы Мейірхат Қасымбаев.

Қазір 300-ге жуық арнайы техника мен 400-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Жол қызметкерлерінің 90% - ы жергілікті тұрғындар, олар техникалық мамандықтарға бейімделіп, оқып шықты.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық маңызы бар автожолдың жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайды, қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін тас жол 2 жолақты болады және II техникалық санатқа сәйкес келеді.