icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Батыс Қазақстан өңіріндегі "Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы" екі жолақты күре жолдың 75 шақырымы асфальтталды. Демек, жалпы ұзындығы 142 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар бұл автожолдың жартысынан көп бөлігіне асфальт төселді. Бүгінгі таңда барлық төрт учаскеде жол-құрылыс жұмыстары жалғасып келеді.

Сонымен қатар, биыл жұмыс қарқынын арттыру үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Батыс Қазақстан өңірлік филиалы мердігер ұйымдармен бірлесіп құрылысқа жұмылдырылған мамандар мен арнайы техника санын екі есеге арттырды. Мәселен, осы жылы күрделі жөндеу нысанында 400-ге жуық адам еңбектеніп, 260 бірлік арнайы техника жұмыс істеуде.

"Соңғы төртінші учаскеде жұмыс жасап жатқан мердігер ұйым арнайы техника санын ұлғайтты. Соның нәтижесінде жұмыс қарқыны да артты. Екінші учаскеде жаңа мердігер анықталды. Олар мобилизация жұмыстарына кірісті. Үшінші учаскедегі мердігер ұйым алдын ала белгіленген жоспардан асып түсті. Бірінші учаскенің мердігер ұйымы кестеге сәйкес жұмыс жасауда. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда құрылыс-монтаж жұмыстарының динамикасы айтарлықтай жақсарды", - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Қазбек Мәмбетов.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланып отыр.