Республикалық маңызы бар күре жолдың 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселді

Республикалық маңызы бар күре жолдың 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселді

Жол-құрылыс маусымы аясында "Қарағанды-Балқаш" тас жолының 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселді. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы шілде айынан бастап қарқын ала бастады. Биыл құрылысқа жұмылдырылған мамандар мен арнайы техника саны бірнеше есе артты. Қазір нысанда 560 бірлік арнайы техника мен 1 мыңға жуық жол жұмысшысы жұмыс істейді.

Жыл соңына дейін барлық айналма жолдарды жабу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда үлкен жұмыс атқарылды. Биыл айналма жолдардың саны 94% - ға қысқарды. Егер бұрын айналма жолдардың жалпы ұзындығы 148 шақырым болса, қазір 9 шақырым ғана қалды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл күре жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым. Тас жол 8 учаскеден тұрады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, биыл орташа жөндеу жұмыстары аясында екі республикалық маңызы бар жол бойынша шамамен 70 шақырым пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, "Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау" автожолының 59 шақырымы (Нұра кентінен Ақмешіт ауылына дейінгі учаске, 101-128, 128-160 шқ) және "Қарағанды-Аягөз—Бұғаз-Тарбағатай" автожолының 10 шақырымы (197-207 шқ аралығы, Қарқаралы-Матақ учаскесі).