icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Биылғы жол құрылысы маусымында еліміздің батыс өңірлерінде орналасқан "Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы", "Өнеге-Бисен-Сайқын" және "Атырау-Астрахань" күре жолдарында 140 шақырым жаңа асфальт төселді. Бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарында ілгерілеу бар. Жоғарыда аталған республикалық маңыздағы күре жолдарда жұмыстар күшейтілді.

Мәселен, жол нысандарындағы арнайы техника мен маман саны бірнеше есе артты. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1290 маман мен 1050 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Батыс Қазақстан және Атырау өңірлерінде тас карьерлері жоқ. Бұл – құрылыс барысында орын алып отырған ең негізгі проблема. Құрылыс жұмыстарына қажет қиыршық тасты теміржол арқылы тасымалдау үшін жартылай вагондар керек.

Уәкілетті органдармен жүргізілген келіссөздер аясында қиыршық тасты тасымалдау үшін жартылай вагондар қамтамасыз ету мәселесі ішінара шешілді. Мысалы, былтыр Батыс Қазақстан облысының автожол объектілеріне (Қазталов-Жәнібек - РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын) 2 мың жартылай вагон қиыршық тас тасымалданса, биылғы құрылыс маусымында аталмыш нысандарға  5 мыңнан астам жартылай вагон келді. Алайда, өндірістік кестеге сәйкес туындап отырған қажеттілік 8 мың жартылай вагонды құрайды. Бүгінгі күні 245 шақырымның 130 шақырымы жөнделді.

"Атырау-Астрахань" күре жолына келетін болсақ,  жоба аясындағы қажеттілік 24 мың жартылай вагонды құрап отыр. Биыл оның тек жартысы ғана қамтамасыз етілді  — бұл 11,5 мың жартылай вагон. Осы жылғы құрылыс маусымы аясында бұл трассаның 63 шақырымы асфальтталды. Демек, жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайтын күре жолдың 130 шақырымы жөнделді.

Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан кездегі жыл сайынғы битум мен ЖЖМ тапшылығы жұмыс барысына теріс әсер ететінін атап өткен жөн.

Құрылыс жұмыстары қолайсыз ауа-райы басталғанға дейін жалғаса бермек. Жалпы биыл БҚО мен Атырау өңірінде орналасқан республикалық маңызы бар жолдарда 670 мың тонна асфальт төселді.