Тасжолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстары басталғаннан бері жолшылар 500-ден астам республикалық маңызы бар күре жолдарды пайдаланушыларға көмек көрсетті. Олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Қазан айынан бері республикалық маңыздағы автожолдарда қозғалыс 150 реттен астам шектелді. Осы уақыт аралығында жолшылар 200-ден астам көлікті жылы бокстарға орналастырып, 506 адамды жылыту пункттеріне жеткізді.
Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары аясында жол қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды. 21 желтоқсаннан 22 желтоқсанға қараған түні жолшылар республикалық маңыздағы тасжолдарға 1050 м3 құм-тұз қоспасын сеуіп, өңдеді.
Республикалық маңызы бар автожолдар ашық. Қазір 200-ден астам техника жұмысын жалғастыруда.
Айта кету қажет, қар құрсауында қалып қоятындардың қатарында дауылды ескертулер мен жолдың жабылғанын елемей алыс сапарға шығып кететіндер аз емес. Аталмыш хабарламаларды ескеріп, ауа-райы болжамын жіті қадағалаған абзал. Ал тасжолдарда штаттан тыс жағдай туындаса тұрғындар 1403 байланыс орталығына хабарласа алады. Мәселен, өткен түнде байланыс орталығының операторлары 2 мыңға жуық қоңырауды өңдеді.