Жолшылар күре жолдарда қиын жағдайға тап болған бірнеше жүргізушіге көмек көрсетті

Жолшылар күре жолдарда қиын жағдайға тап болған бірнеше жүргізушіге көмек көрсетті

ҚазАвтоЖол қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдардың бойында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қысқы күтіп-ұстау, бақылау және күре жолда қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету аясындағы жұмыстарды жалғастыруда. Мәселен, бүгін таңғы сағат төрт шамасында Жамбыл облысының жолшылары автомобиль қозғалтқышы бұзылып "Сарышаған-Мыңарал" учаскесінде қалып қойған Өзбекстанның бес азаматына көмек көрсетті. Шетел азаматтары 1403 байланыс орталығына хабарласып көмекке жүгінген. Оқиға орнына дереу жеткен жолшы мамандар Өзбекстан азаматтарын Приозерск қаласына эвакуациялады.

Сондай-ақ кеше кешкі сағат 20:00 шамасында Шығыс Қазақстан облысының жолшылары арнайы техниканың көмегімен "Алматы-Өскемен" тасжолының 989 шақырымында бұзылып қалған  "Volvo" маркалы жүк көлігін Қалбатау ауылына дейін сүйреп апарды.

Бүгін таңғы сағат 10 шамасында Ақмола өңірінің жолшылары "Астана-Ерейментау-Шідерті" автожолының 77 шақырымында отыны таусылып, тұрып қалған фураның жүргізушісіне көмек көрсетті.

25 қаңтардағы ахуалға сәйкес республикалық маңыздағы жол учаскелерінде қозғалысқа енгізілген шектеулер жоқ. Тасжолдар ашық.

Мамандар қысқы күтіп-ұстау аясындағы жұмыстарды жалғастыруда.