icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

ҚазАвтоЖол басшысы алдағы жол құрылысы маусымына дайындық жұмыстары және тасжолдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы мәлімдеді

"ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Мейірхат Қасымбаев алдағы жол құрылысы маусымына дайындық жұмыстары және тасжолдарда жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы айтып берді.

“Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарынан басқа, биылғы жол құрылысы маусымына қарқынды дайындалып жатырмыз. Мәселен, алдағы маусымда құрылыс жұмыстары еш кедергісіз жалғасуы үшін барлық қажет материалдарды алдын-ала жасақтағанымыз жөн. Қазір битум қорын қалыптастыру, жанар-жағармай материалдарын сатып алу және құрылыс учаскелерімізге қиыршық тасты жеткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Күн райы жылынған сәттен бастап "Қызылорда-Жезқазған" жол жобасы аясында қайта жаңарту жұмыстары жалғасын табады. Қызылорда облысына жұмыс сапарым аясында қыс мезгілінде материалдарды алдын-ала дайындау жұмыстарының барысын тексердім. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмылдырылған  арнайы техника мен маман санын бірнеше есе арттыруды жоспарлап отырмыз. Естеріңізге сала кетейін, Қызылорда облысы бойынша автожол объектісінің жалпы ұзындығы 218 шақырымды құрайды және 6 учаскеден тұрады. Жоба аясында тек Қызылорда облысы бойынша екі көлік айрығын, үш көпірді, төрт мал айдау өткелін, алты демалыс алаңын және қырық бес су өткізу құбырын салу көзделген. Құрылыс жұмыстары өткен маусымда басталды, мердігер ұйымдар жер төсемін төгу, жолдың негізгі қабатын салу, жасанды құрылымдарды монтаждау және т.б. бойынша жұмыстар жүргізді. Биыл осы жобаның Қызылорда облысындағы бөлігінің 100 шақырымнан астамына асфальт төсеу жоспарланып отыр. Құрылыс барысында көбінесе жергілікті материалдар қолданылады.Ұлытау облысы бойынша өтетін қалған 4 учаске бойынша мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары мердігер ұйымдар анықталғаннан кейін басталады»,- деп атап өтті “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы басшысы Мейірхат Қасымбаев.

Басқарма басшысы су басу қаупін алдын алу жұмыстары да ерекше назарда екенін атап өтті.

“Қабылданған іс-шаралар кешені республикалық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз қозғалысты, сондай-ақ жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жергілікті гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін әзірледік. Мердігер ұйымдар мен жол қызметтеріне су басу қаупін алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелеріне сәйкес су басу қаупі жоғары республикалық автожолдардың учаскелері анықталды. Республикалық жолдардағы су басу қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік және патрульдеу ұйымдастырылды»,-деп мәлімдеді Мейірхат Қасымбаев.