icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Қазақстанда жол құрылысы маусымы басталды

Күн райы жылып, дайындық іс-шараларының уақтылы жүргізілуіне байланысты барлық республикалық маңыздағы автожолдар желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы шамамен 7 мың шақырымды құрайтын республикалық трассалардың 206 учаскесі құрылыспен, реконструкциямен, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жол нысандарының бір бөлігі биыл аяқталса, екінші бөлігі өтпелі жол нысандарының қатарына жатады. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 12 мың маман мен 8 мың бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Павлодар облысындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысымен айналысатын мердігер ұйым анықталды. Мамандар дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Жаңа көпірді салу барысында қолданылатын құрылыс материалдарының 95 пайызы отандық материалдар болмақ. Құрылыстың жалпы ұзақтығы — 39 ай. Биылғы жол құрылысы маусымында жолшылар Солтүстік Қазақстан облысындағы А-13 "Көкшетау-Кішкенекөл-Омбы" тасжолының проблемалық бөлігін күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтиды. Ал Жамбыл облысындағы "Меркі-Бұрылбайтал" трассасының тағы екі учаскесінде қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау көзделген. Қарағанды облысында Баянауыл мен Қарқаралыға апаратын жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қостанай облысындағы А-22 "Қарабұтақ-Қостанай" тасжолында да мамандар қайта жаңарту жұмыстарын аяқтайды. Сондай-ақ, жолшылар Ақтөбе және Атырау облыстарын байланыстыратын "Қандыағаш-Мақат" автожолында қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр. Сонымен қатар, биыл соңғы жылдарда қолға алынған ауқымды құрылыс нысандарында да жұмыстар жалғасуда.