Жергілікті инвесторлар есебінен республикалық маңызы бар А-2 "Алматы-Ташкент-Термез" жолының бойында модульдік үлгідегі жаңа тоғыз қызмет көрсету нысаны салынды. Оның алтауы қолданысқа берілсе, қалған үшеуі алдағы уақытта ашылмақ. Нысандар Жамбыл облысындағы Кенен, Аспара, Алғабас, Ақыртөбе, Ақшолақ, Нұрлыкент және Шақпақ ата елді-мекендерінің қасында орналасқан.
Мәселен, жаңа модульдік типтегі қызмет көрсету нысаны А-2 "Алматы-Ташкент-Термез" республикалық маңызы бар жолының "Тараз-Қайнар" учаскесінің 437 шақырымында (Ақыртөбе аулының маңы) салынып, қолданысқа берілді. Мұнда туристер мен республикалық трассаларды пайдаланушылардың ыңғайы үшін барлық жағдай жасалған. Жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысаны ерлерге, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жеті абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптан, екі душ кабинасынан және сауда алаңынан тұрады. Нысанның сыртында тұрақ аймағы мен демалыс алаңы орналасқан. Қызмет көрсету нысанының жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрайды.
"Жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарын салу барысында қолданылатын модульдік конструкциялардың бірқатар артықшылығы бар. Мәселен, модульдік тәсілді қолдану өндірістік және монтаждау жұмыстарының мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оларды қолдану барысында бірыңғай стилистикалық және жоспарлау шешімі қолданылады, тиісінше олар туристер, инвесторлар және жол пайдаланушылары үшін анағұрлым тартымды", - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ ресми өкілі Стамғазиева Ләззат.
Консультациялық және әдістемелік көмекке жүгіну үшін шағын және орта бизнес өкілдері "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 қысқа нөмірі бойынша қоңырау шала алады.