icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Республикалық маңызы бар автожолдарда су тасқыны қаупі бар 469 учаске  анықталды

Биыл былтырмен салыстырғанда жауын-шашын әдеттегі нормадан 2 есеге көп түсті. Ал, өз кезегінде су тасқыны жолдар мен көпірлер, бөгеттер мен құбырлар жалпы инфрақұрылым үшін аса қауіпті. Республикалық маңызы бар автожолдарда су басу қаупі бар учаскелердің жалпы ұзындығы 241 шақырымды құрайды, оның 38 шақырымы реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда болса, қалған 203 шақырымы – ол күтіп-ұсталатын учаскелер. Сонымен қатар, 66 көпір мен 13 бөгетте және 650 су өткізгіш құбырларда да қауіп бар. Егер толассыз жауын-шашын жауып, немесе күн күрт жылынып су тасқыны болған жағдайда, бұл объектілер су астында қалуы мүмкін.

Бұндай су басу қаупі бар учаскелерді анықтау жол жамылғысының жай-күйі, жер бедерінің ерекшеліктері және жол жағдайына әсер ететін басқа да факторлар туралы кең көлемде ақпарат жинау үшін геодезиялық және топографиялық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Осы жоғарыда аталған жұмыстың нәтижесінде алынған ақпарат, жол қызметіне қысқы кезеңнен кейін жиі болатын асфальт жабынының қаншалықты зақымданғаны, одан келген ақауды жою, жолдарды жаз мезгіліне дайындау және күтіп ұстау жұмыстарын тиімді жоспарлауға және сәтті ұйымдастыруға жол ашады.

Бүгінгі күні реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарда  535 бірлік су өткізгіш құбырлар, 22,2 мың м3 құм және 7,9 мың қап дайындалды. Мұндай жұмыстар күтіп ұсталатын учаскелерде де жасалып жатыр. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол қызметкерлері су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техника бөліп, тасқын сулардың кедергісіз өтуі үшін жол жиектерін кеңейтіп, жол шеттеріндегі қатқан қар мен мұзды ойып, су өтетін құбырларды тазалап, қажетті инертті материалдарды дайындап және қосымша траншеялар салу жұмыстарын да қарқынды жүргізуде.  

Су тасқынынан инфрақұрылымға еш зиян келмес үшін және жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды шараларды қабылдау қажет, сондықтан жолшылар автожолды тәулік бойы патрульдеп, қарап, тексеріп тиісті жол белгілері мен материалдар дайындауда.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ауа райы туралы оның ішінде көктем жақындап, еліміздің бірқатар өңірінде күн күрт жылынғандықтан, жауын-шашынның мөлшері туралы мәліметті жіті басты назарда ұстауда. Себебі, сақтық шаралары қашан да маңызды. Сол арқылы тосыннан келетін қауіпке дер уақытында назар аударып, тез арада әрекет етіп, тасқынның алдын алуға болады. Басты мақсат – жүргізушілер мен жолаушылар үшін жолда қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыру.