Қазақстанда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жауапкершілігіндегі 25 мың шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолы бар. Бұл орайда Жер шары экваторының ұзындығы 40 мың шақырымды құрайтынын атап өткен жөн. Ауа-райы-климаттық факторды ескере отырып Қазақстандағы жол қызметтерінің жұмысы қыс түсе артады. 2023-2024 жылғы қыс мезгілі де қарқынды жұмыспен ерекшеленді. Желтоқсанның алғашқы күндерінен наурыздың жылымығына дейін республикалық күре жолдардағы 1600 учаскеде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Қозғалысты шектеудің негізгі себебі – ауа-райының қолайсыз жағдайы. Боранды күні сапарға шыққан жүргізушілер көліктерін жолдың бойында қалдырып, жол қызметтері мен ТЖМ көмегімен жақын маңайдағы жылыту пункттеріне орналасуға мәжбүр. Аяз күшейген күндері солярка қатып, жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай жолда қалған жағдайлар да орын алған. Естеріңізге сала кетсек, биылғы қардың мөлшері былтырғы қыспен салыстырғанда 2 есе көп. Абай облысында жауған қардың биіктігі тіпті 80 см-ге жеткен. Сол себепті, автожолдағы қозғалысты қамтамасыз етуден бөлек «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері боран, тұман мен қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсетті. 1500-ден астам адам құтқарылып, жол бойындағы елді мекендерге жеткізілді. Жол-пайдалану техникасы 830 көлікті сүйреп шығарған. Жолшылар ауысым бойынша, тәулік бойы жұмыс жасады. Жолдағы кезекшіліктері аяқталғаннан кейін еріктілермен бірлесіп жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық тамақ апарып, дәрі-дәрмек жеткізді. Бұл құрғақ статистика дерсіз. Алайда, шын мәнінде, бұл құтқарылған 1500 өмір, сан алуан тағдыр. Ол азаматтарға төсбелгі тағылып, ерліктері көгілдір экраннан көрсетілмеді. Олар әр қаһарлы қыстағыдай өз қызметтерін атқарып, жолаушыларға қол ұшын созудан аянбады. Дәл осындай тәулік бойы тәртіпте 1403 нөміріндегі байланыс орталығының ұжымы да жұмыс жасады. Қыста күніне орташа есеппен 4000 телефон хабарламалары қабылданып, жауап берілген. Бұдан бөлек, пайдаланушылармен байланыс телеграм бот, whats app чат және QAJ.KZ ресми сайты бойынша да жүзеге асырылған.