icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарды қысқы күтіп-ұстау туралы
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын жүзеге асыру тақырыбында брифинг өтті.

Бүгінде республикалық маңызы бар автожолдар желісінің жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды. 3,6 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 3,2 мың шақырым ақылы учаскелерді қоса алғанда, жалпы ұзындығы 21,4 мың шақырым автожол күтіп-ұстау жұмыстарымен қамтылған.
Республикалық автожолдарда жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін ұйым – «КАЖСервис» ЖШС.

«Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына дайындық тиянақты ұйымдастыруды және құбылмалы климат жағдайында жедел әрекет етуге дайын болуды қажет етеді. Мұндағы негізгі аспектілердің бірі – жол техникасымен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда «КАЖСервис» ЖШС паркінде 2586 арнайы техникабар. Бұл нормативті қажеттіліктің 35% құрайды. Техника паркін күшейту үшін қосымша 255 техника қосылды», - деп атап өтті Д.Иманашев.

2023 жылы 140 бірлік, ал оның алдындағы жылы қосымша 389 техника сатып алынған. 2022 жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «КАЖсервис» ЖШС біріктіру үрдісі басталған кезде техниканың жалпы саны небәрі 1100 болған. Бұл нормативті қажеттіліктің тек 25% құрайды. Бүгінде техника паркі кеңейіп, саны 1718 бірлікке, яғни 39% жетті. Бұл саладағы жаңарту және модернизациялау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Спикердің айтуы бойынша, қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз етуге 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы, 1,2 мың тонна хим.реагент дайындалған. Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, көктайғаққа қарсы материалдың көлемі 3 есе ұлғайған.
Ұзақ жылдар бойы жасалған талдауларға негізделе отырып, қар басу қаупі бар 2,2 мың шақырым учаске анықталған. Тәуекелді азайту үшін 31 мың уақытша ағаш қалқандар орнатылып, қар қоршаулары мен біліктері жасалады.

Басқарма төрағасы «Ауа-райы күрт өзгерген жағдайда, қалыпты көлік қозғалысын қамтамасыз еткенге дейін жол пайдаланушылары уақытша орналастыруға арналған қауіпсіз және жайлы жылыту пункттерінде тоқтай алады.

Автожолдардағы ағымдағы ахуал туралы өзекті ақпаратты тәулік бойы жұмыс жасайтын 1403 байланыс орталығы, Sapar мобильды қосымшасы немесе Kaztoll.kz сайты арқылы білуге болады.

Былтырғы қыс ауыр болғаны мәлім. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін арнайы техника көмегімен жол жабынын тазалағанбыз. Қар құрсауынан 2 мың автокөлік шығарылып, 3 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген»,- деп нақтылады.

Брифингтің соңында Дархан Иманашев «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» іспеттес ірі инфрақұрылымдық жобалардағы қайта жаңарту жұмыстарының жүзеге асырылуы жайында сөз қозғады.