icon
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

2025 жылғы жол-құрылысы маусымының басталуы туралы

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен 2025 жылғы жол-құрылысы маусымының басталуы тақырыбында аясында брифинг өтті.

Спикердің айтуы бойынша, биыл еліміздің көлік инфрақұрылымының маңызды бағыттарын қамтитын ауқымды жол-құрылыс маусымы басталмақ. Жол саласын жаңғырту мақсатында 8800 шақырым автомобиль жолдарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның ішінде 2100 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары; 460 шақырымда күрделі жөндеу жұмыстары; 6300 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары.

«Жоспарланған жұмыстарды орындауға шамамен 10 000 бірлік жол-құрылыс техникасы, 27 асфальтбетон зауыты және 25 мың маман жұмылдырылатын болады. Жобаларды іске асыру барысында 9,4 миллион тонна асфальтбетон қоспасы, 12 миллион текше метр қиыршық тас және
500 000 тонна битум қолдану жоспарлануда. Жобаларды жүзеге асыруға 781 миллиард теңге қаржы қарастырылған», - деді ұлттық компания басшысы.

2025 жылғы жол-құрылыс маусымы аясында қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 2100 шақырым автожол қамтылады. Оның 1100 шақырымда 10 өтпелі жобаның құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмақ. Аталмыш жобалардың аясында жолдарды абаттандыру, карьерлерді рекультивациялау, өндірістік базалар мен уақытша айналма жолдарды салу бойынша негізгі жұмыстар аяқтау жоспарланған (Қалбатау – Майқапшағай, Күрті – Қонаев, Подстепное – Федоровка, Қызылорда – Жезқазған, Ұзынағаш – Отар, Атырау қаласын айналып өту, Петропавл – РФ шекарасы, Ақтөбе – Ұлғайсын, Рахман қайнарлары, Ертіс өзені арқылы көпір).

«Сондай-ақ, 1000 шақырымда 7 жаңа жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Олар: Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор, Қызылорда, Рудный, Сарыағаш және Петропавл қалаларының айналма жолдары. Басым жобалары ретінде Қалбатау – Майқапшағай және Қызылорда – Жезқазған автожолдарын қайта жаңарту учаскелері анықталған. Жылдың соңына дейін 1100 шақырым жолда негізгі жұмыстар аяқталады», - деді Д.Иманашев.

         Брифинг барысында басқарма төрағасы биыл күрделі жөндеу жұмыстарымен ұзындығы 460 шақырымды құрайтын 47 нысан қамтылатынын атап өтті. Бұл шараларға 8,5 млрд теңге қаржы көзделген. Жыл соңына дейін 174 шақырымды құрайтын 5 учаске пайдалануға берілмек. 6300 шақырымды құрайтын 233 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл жұмыстарды атқаруға 203 млрд теңге қаражат қарастырылған. Құрылыс маусымының аяғына дейін кемінде 2000 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Бүгінгі таңда мемлекеттік шекара бойында 52 өткізу пункті жұмыс істейді, оның 38 пункті Еуразия Экономикалық Қауымдастығы елдер арасында және 14 пункті сыртқы шекарада (Ресей, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан). 2025 жылы Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа Жол және Қосақ өткізу пункттерінде құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Оған 51 млрд теңге қаражат бөлінген. 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарға сәйкес 36 автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту көзделген», - деп атап өтті спикер.

Спикердің айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары орналасқан. 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен қосымша 36 жаңа нысан ашу жоспарлануда (22 жанармай құю станциясы және 14 кафе). Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған. Нәтижесінде республикалық автожолдар бойындағы санитарлық тораптардың саны 181 бірлікке жетпек.

«2025 жылы автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету үшін 28 жаңа автоматты өлшеу станциясы (АӨС) орнату жоспарланған. Қазіргі таңда жолдардың бойында 22 автоматты өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр», - деді Д.Иманашев.

2025 жылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде ұзындығы 4100 шақырымды құрайтын 21 ақылы жол учаскесі бар. Жүргізушілерге тиімді болу үшін айлық және жылдық абонемент қарастырылған. Аталған жеңілдікті алу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласу керек. Жеңіл көліктер үшін бір жылдық абонемент 1 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал автобустар мен жүк көліктерге айлық және жылдық абонемент жүккөтерімділігіне байланысты болады: айлық абонемент: 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін, жылдық абонемент: 20 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін.

2024-2025 ж. қыс мезгілінде (қараша-наурыз) жол қызметі автожолдарды күтіп-ұстау бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып, жүргізушілерге қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысты қамтамасыз етті. Қысқы жұмыстар аясында: жолдардан шамамен 31 млн текше метр қар тазаланды; 22 000 ағаш қар ұстау қалқандары орнатылды; 11 000 шақырым қар ұстау траншеялары мен біліктері жасалды. Қатты боран кезінде 286 адам құтқарылып, 173 автокөлік қар құрсауынан шығарылды. 1403 байланыс орталығының диспетчерлері 477 000 өтінішті өңдеді.

2025 жылы 437 бірлік арнайы техника сатып алынды. Нәтижесінде техниканың жалпы саны 2805 бірлікке жетіп, бұл қажеттіліктің 38%-ын құрады (қажеттілік – 7331 бірлік). Биыл жылдың соңына дейін қосымша
683 бірлік арнайы техниканы алу жоспарлануда. Арнайы техниканы сатып алудың нәтижесінде 2024–2025 жылдардағы қысқы кезеңде жолдарда қозғалысты шектеу өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайды (1755 жағдайдан 829 жағдайға дейін).

2025 жылғы су тасқыны кезеңінде республикалық автожолдарда 17 су алу фактісі тіркелді. 2024 жылы 178 су алу фактісі тіркелген болатын. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 1038 бірлік техника және 1700 қызметкер жұмылдырылды. Шамамен 9000 суөткізгіш құбырлар тазартылып, 78 500 текше метр инертті материал әзірленді.

2025 жылғы 1 мамырдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеру бойынша кең ауқымды «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылады. Жобаның мақсаты – еліміздің әрбір азаматы салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша қоғамдық бақылауға шақыру. Жобаға қатысу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру керек. Нысандарды аралау кестесін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының www.qaj.kz ресми сайтынан көруге болады.

Осылайша, 2025 жылғы жол-құрылыс маусымы Қазақстанның көлік инфрақұрылымының дамытуының кезекті маңызды кезеңі болмақ.