Су тасқыны кезеңіндегі шаралар және 2026 жылғы қысқы күтіп-ұстау қорытындылары
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен брифинг өтті. Жиында су тасқыны кезеңінде қабылданып жатқан шаралар мен 2026 жылғы қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының нәтижелері кеңінен таныстырылды.
ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы су тасқыны басталғалы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, республикалық маңызы бар автожолдарда қауіптің алдын алуға бағытталған барлық қажетті күштер мен техниканы жұмылдырды. Алдын ала дайындық шеңберінде су өткізу құбырлары тазартылып, арнайы техника әзірленді, қажетті материалдар қоры жасақталды. Сонымен қатар жол жағдайын тәулік бойы бақылау және патрульдеу жүйесі жолға қойылды.
2026 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша елдегі автожолдардағы ахуал тұрақтанып, оң өзгерістер байқалады. Соңғы екі жылда су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 284-тен 184-ке дейін қысқарды. Олардың жалпы ұзындығы да 206 шақырымнан 83,3 шақырымға дейін азайды. Су жайылу деректері 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеді. Бұл жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.
Су өткізу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да өз тиімділігін беруде. Былтыр 582 су өткізу құбыры орнатылса (162-сі қайта жаңарту аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, 366-сы орташа жөндеу барысында), биыл тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 21-і күрделі, 180-і орташа жөндеумен қамтылады. Бұл шаралар көктемгі қар еру кезеңінде судың кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, сала басшысы атап өткендей, су тасқыны жағдайы жыл сайын өзгеріп отырады. Кейбір қауіпті учаскелер бұрын тіркелмеген аймақтарда да пайда болуы мүмкін. Бұл табиғи факторларға, соның ішінде жер бедеріне, қардың еру қарқынына, температура ауытқуларына және су шаруашылығы үдерістеріне байланысты. Сондықтан тұрақты бақылау мен жедел әрекет ету дайындылығы өзекті күйінде қалып отыр.
Бүгінде жалпы ұзындығы 25 мың шақырым автожолдар желісінде 1 429 көпір мен 15 458 су өткізу құбыры жұмыс істейді. Су тасқыны кезеңіне дайындық барысында олардың барлығы толық тазартылды. Қазіргі кезде еріген суды өткізу үшін 974 құбыр пайдаланылып отыр. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 988 бірлік техника тартылып, кезекші бригадалар тәулік бойы қызмет атқаруда. Жолдардың жай-күйі мен гидрологиялық жағдай тұрақты бақылауда, барлық жұмыс нақты уақыт режимінде үйлестірілуде.
Брифинг барысында қысқы кезеңнің қорытындыларына да ерекше назар аударылды. 2025–2026 жылдардың қысы ауа райының құбылмалылығымен ерекшеленді. Әсіресе солтүстік және орталық өңірлерде температураның жиі ауытқуы жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын күрделендірді. Осы кезеңде қозғалысқа 1 994 шектеу енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін 3 073 бірлік техника (нормативтік қажеттілік – 7 331 бірлік) жұмылдырылды. Соған қарамастан жол қызметтері өз міндетін толық атқарып, автожолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Қыс мезгілінде шамамен 386 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды. 711 мың автокөлікке ілесіп жүру ұйымдастырылып, 2,4 мың азаматқа көмек көрсетілді. Сондай-ақ 47 млн текше метр қар тазартылды.
Қазіргі таңда жолдардың сапасын жақсарту және қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда. Биыл 176,5 мың шаршы метр аумақта шұңқыр жөндеу жүргізу, 24 мың шақырымнан астам жолға таңба салу, 10,7 мың шаршы метрден астам аумақта жол жабындысындағы ақауларды жою жоспарланған. Сонымен қатар 24 мыңнан астам жол белгісін орнату және жаңарту, 5 мыңға жуық сигналдық бағана және 2,8 мың погон метрден астам қоршау орнату көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 3 700 шақырымды құрайтын автожолдарда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі кезде жұмыстар еліміздің оңтүстік өңірлерінде жүргізілуде. Климаттық жағдайларды ескере отырып, негізгі жұмыстарды оңтүстікте 15 мамырға дейін, ал орталық және солтүстік өңірлерде 1 маусымға дейін аяқтау жоспарланған.
Жиын барысында Дархан Иманашев қабылданған шаралар су тасқыны тәуекелдерін едәуір азайтып, күрделі ауа райы жағдайларында да жолдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткенін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту және алдын алу шараларын күшейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан кешенді шаралар автожолдардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, су тасқыны тәуекелдерін кезең-кезеңімен төмендетуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беруде. Қазіргі жағдай толық бақылауда. Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуде.


