Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыратын ірі жоба: Вашингтонда «Қарағанды – Жезқазған» автожолы бойынша қаржыландыру келісімі жасалды
Вашингтон қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған ресми делегацияның қатысуымен Дүниежүзілік банк штаб-пәтерінде «Қарағанды – Жезқазған» автомобиль жолының құрылыс жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.
Аталған келісім «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасында жасалды. Жобаны жүзеге асыруға бағытталған қарыздық қаржыландыру көлемі 650 млрд теңгені құрайды.
Жалпы ұзындығы 570 шақырымды құрайтын жол құрылысы 2026-2029 жылдары іске асырылмақ. Жоба еліміздің көлік-логистикалық жүйесін кешенді дамытуға, транзиттік әлеуетті күшейтуге және өңіраралық байланысты арттыруға бағытталған. Нәтижесінде жол жүру уақыты едәуір қысқарып, қозғалыс қауіпсіздігі артып, Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін болмақ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның стратегиялық мәніне тоқталып өтті.
«Қарағанды – Жезқазған» жобасы – еліміз үшін аса маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Бұл жоба өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейтіп қана қоймай, Астана – Қызылорда бағытында тиімді транзиттік дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Қызылорда – Жезқазған» жобасымен сабақтас жүзеге асқанда, өңірлер арасындағы тікелей қатынас қамтамасыз етіліп, транзиттік ағынның тиімділігі артады», – деді ол.
Аталған жоба Астана – Қызылорда бағыты бойынша тікелей көлік дәлізін қалыптастыру тұрғысынан да айрықша маңызға ие. Қазіргі таңда ұзындығы 400 шақырым болатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолының құрылысы жүргізілуде. Қызылорда облысы аумағындағы учаске толық аяқталған, ал 2026 жылдың соңына дейін Ұлытау облысындағы негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашу жоспарланып отыр. Осылайша, үздіксіз көлік дәлізі қалыптасып, Астана – Қызылорда бағытындағы жүк және жолаушы тасымалының тиімділігі артады.
Келісімге қол қойылуы Қазақстанның халықаралық қаржы институттарымен әріптестігін тереңдетудегі маңызды қадам болып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға тараптардың өзара мүдделілігін айқындайды.
Қазіргі уақытта конкурс рәсімдері қорытынды кезеңге жеткен. Биыл жобалау жұмыстарына кірісіп, бекітілген кестеге сәйкес құрылыс кезеңіне көшу жоспарлануда.
Жоба аясында қарастырылған негізгі инфрақұрылымдық нысандар:
- көпірлер, жол өткелдері және мал өткелдері – 240;
- көлік айрықтары – 28;
- шағын жасанды құрылыстар – 447.
Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, логистикалық инфрақұрылым дамып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түспек.
Жалпы алғанда, бұл бастама Қазақстанның көлік саласын жаңғыртуға және елдің Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік хаб ретіндегі орнын одан әрі нығайтуға қызмет етпек.


