icon
Карталар Тілдерді дамыту
Қаріп өлшемі: A A A
Суреттер:

Вкл

Выкл


Жаңалықтар

Қазақстан жолдарында жүк көліктерінің салмақ-габариттік нормаларын бұзудың 700 мыңға жуық дерегі тіркелді
Қазақстан жолдарында жүк көліктерінің салмақ-габариттік нормаларын бұзудың 700 мыңға жуық дерегі тіркелді

2025 жылғы мамыр айынан 2026 жылғы 1 сәуірге дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүк көліктерінің салмақ-габариттік параметрлерін асыруына байланысты шамамен 698 мың әкімшілік құқықбұзушылық белгісі тіркелді. Бұл деректер тәулік бойы жұмыс істейтін автоматтандырылған өлшеу станцияларынан (АӨС) алынған.

Белгіленген нормадан артық жүк тасымалдау жол жабынының тез тозуына, оның құрылымдық беріктігінің әлсіреуіне әкеліп, автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай арттырады.

Қазіргі таңда елімізде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 25 мың шақырымды құрайды. Осы инфрақұрылымды сақтап, қауіпсіз әрі ұзақ мерзімге пайдалануды қамтамасыз ету – көлік саласын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі.

Осы бағытта бақылау жүйесін күшейту мақсатында республикалық жолдар бойында 46 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Оның 24-і 2025 жылы іске қосылды. Осылайша, соңғы бір жылда олардың саны екі есеге артқан.

АӨС жүйелері көлік құралдарының салмағын, габаритін, мемлекеттік тіркеу нөмірін, маркасын және осьаралық қашықтығын автоматты түрде тіркейді. Жиналған мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органдарға жедел түрде жолданып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес, бір оське түсетін рұқсат етілген жүктеме 10 тоннаны құрайды. Ал көлік құралының жалпы салмағы осьтер саны мен техникалық сипаттамасына қарай 44 тоннаға дейін белгіленген.

Салмақ-габариттік талаптардың жүйелі түрде бұзылуы жол инфрақұрылымының мерзімінен бұрын тозуына, қызмет ету мерзімінің қысқаруына және оны қалпына келтіруге кететін бюджет шығындарының өсуіне тікелей әсер етеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабына сәйкес, салмақ-габариттік нормаларды бұзғаны үшін бұзушылық деңгейіне қарай 40-тан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл көзделген.

Бүгінде аталған бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. 2028 жылға дейін автоматтандырылған өлшеу станцияларының санын 126 бірлікке дейін жеткізу жоспарланған. Бұл шаралар автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етпек.