Республикалық маңызы бар автожолдармен діттеген жерге жету және жолдағы жағдаймен танысу әлдеқайда оңай болды. 2020 жылы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерлері «QAJ mobile» қосымшасын жасап шығарды. Смартфондарға арналған бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Бұл бағдарлама арқылы жүргізушілер республикалық маңызы бар тас жолдардың жағдайымен, қажетті учаскедегі жөндеу жұмыстарының қарқынымен, қай жерде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылғандығы туралы ақпаратпен таныса алады. Сондай-ақ, мердігер ұйымдар туралы да толық мәлімет бар.
Мобильді қосымшада жол бойындағы сервис нысандары да қамтылған. Мәселен, жанармай құю бекеті, мотель, санитарлық торап, тұрақтар және т.б. «Белгіленген бағыт бойынша жолды есептеу» қызметі арқылы сапардың ұзақтығы мен нақты шақырымы есептеледі. «Жеке кабинетте» ақылы автомобиль жолдарын пайдаланатын жүргізушелер жүріп өткен учаскелер бойынша, шот бойынша толық ақпаратпен танысып, есеп шотты толықтыра алады. Сондай-ақ, кері байланыс желісі де бар. 24/7 тәртіпте қызмет ететін операторлар барлық сұрақтарға жауап беруге дайын. Бұл бағдарламаны iOS үшін AppStore-да, ал android үшін play market-тен жүктеуге болады.
Ыңғайлы қызметтердің бірі –qaj.kz сайтындағы интерактивті карта. Ол Google Map картасына тіркеліп, республикалық тас жолдардың жағдайы туралы жан-жақты ақпарат пен фото/бейне материалдар ұсынады. Ақпарат әрдайым өзекті болу үшін «QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерлері әр апта сайын мәліметті жаңартады.
Алыс сапарға шықпастан бұрын ауа-райын ескеру үшін метеостанция жұмысын да бақылауға болады. Мысалы, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» тас жолының 73 және 146-шақырымында Luft атты 2 метеостанция орнатылған. Олар арқылы желдің бағыты мен жылдамдығы, ауа-райы мен жол жабынының температурасы, жауын-шашынның мөлшері туралы ақпаратпен танысу мүмкіндігі бар. Онлайн тәртіпте тас жолдың мониторингі жүргізіледі. Ауа-райының жағымсыз жағдайларына байланысты қауіп—қатерлерді үш сағат бұрын болжауға да болады. Толық ақпарат «Өндірісті басқару Орталығының бағдарламалық кешені» сайтында жарияланған.