"QazAvtoJol" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов Жамбыл облысындағы іс-сапары барысында "Қордай" өткізу пунктіндегі жұмыстардың қарқынын тексерді.
Жамбыл облысының Қордай ауылдық округіндегі өткізу пунктінің құрылысы мен қайта жаңартылуы ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспарлануда. Бүгінде жұмыстардың 70%-ы жүзеге асырылған. Бас мердігер – «Дорстрой» ЖШС. Техникалық бақылау – «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС. Жоба авторы – «Синтез» ЖШС.
Өткізу пунктінің қайта жаңартылатын аймағы – 3,5 га. Жолдың қозғалыс бөлігі – 137 метр, әр жолағы 3,75 метрден 8 жолақ бар. Жоба аясында жолдың қозғалыс бөлігін, өткізу терминалдарын, кедендік қызметтің ғимаратын және өткізу пунктіне қарасты өзге де нысандарды қайта жаңарту көзделген. Сондай-ақ, шекарадан өткен азаматтарды тексеру жұмысын жылдам жүргізуге арналған жаңа инспекциялық-тексеру кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. Нысанда терминалдарды әрлеу жұмыстары жалғасуда.
Қайта жаңарту жобасын жүзеге асыру үшін 172 білікті маман мен 16 арнайы техника жұмылдырылған.