Жамбыл облысының Қордай ауылдық округіндегі «Қордай» өткізу пунктінің құрылысы мен қайта жаңартылуы ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспарлануда. Бас мердігер – «Дорстрой» ЖШС. Техникалық бақылау – «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС. Жоба авторы – «Синтез» ЖШС. Өткізу пунктінің қайта жаңартылатын аймағы – 3,5 га. Жолдың қозғалыс бөлігі – 137 метр, әр жолағы 3,75 метрден 8 жолақ бар.
Жоба аясында жолдың қозғалыс бөлігін, өткізу терминалдарын, кедендік қызметтің ғимаратын және өткізу пунктіне қарасты өзге де нысандарды қайта жаңарту көзделген. Сондай-ақ, шекарадан өткен азаматтарды тексеру жұмысын жылдам жүргізу мақсатында биыл жаңа инспекциялық-тексеру кешенінің құрылысы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда қажетті құрылыс материалдары нысанға жеткізілген. Қайта жаңарту жұмысына 127 білікті маман мен 15 арнайы техника жұмылдырылған.
Қайта жаңарту жұмыстары кезінде өткізу пункттерінде уақытша өткелдер мен терминалдар арқылы тек жаяу жүргіншілер өтетін болады. Көліктер «Қарасу», «Сортөбе» және «Ауқатты» пункттері арқылы өтеді. «Қарасу» пунктіне апаратын республикалық маңызы бар автожол да, «Сортөбе» мен «Ауқатты» пункттеріне апарар облыстық маңызы бар жол да жақсы жағдайда.