«Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 282-289 шақырымындағы қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған. Жоба бойынша ІІІ техникалық санаттағы тас жол ІБ санатына сәйкестендіріліп, толық төрт жолақты болады. Бас мердігер – «Казахдорстрой» ЖШС.
Ағымдағы жылы жолдың оң жағынан 6,5 шақырым жол телімі, сол жағынан қиыршық тас-мастикалық қоспадан жол жабынының 6,5 шақырым жоғарғы қабаты төселеді. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 69 жаңа жол белгісі мен қоршаулар орнату жоспарланған.
Былтыр бұл учаскеде ірі түйіршікті асфальтбетоннан жол жабынының 6,5 шақырым төменгі қабаты төселген. Сондай-ақ, 10 су өткізгіш құбыр мен қарға тосқауыл 3 шақырым қоршаулар монтаждалды.
Қазіргі таңда жұмыстар жоспарланған мерзімдерден жылдам жүзеге асырылуда. Учаске бойынша 39 жол-құрылыс техникасы, 120 білікті маман жұмылдырылған. Олардың 60% жергілікті тұрғындар. Жобаның аяқталу мерзімі – 2020 жылдың күз мезгілі.
Анықтама үшін: «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының жалпы ұзындығы – 324 шақырым. Қайта жаңарту жұмыстары 2006 жылы басталып, 2020 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.