Ұзындығы 763 шақырымды құрайтын «Талдықорған-Өскемен» автожолының құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Ол Алматы облысындағы Қойлық елді мекені мен Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңқожа, Үшбиік, Аягөз ауылдарының маңынан өтеді.
Құрылыс жұмыстарын «CITIC Cinstruction Co.Ltd» ЖШС, «К-Дорстрой» ЖШС мен «Todini Central Asia» ЖШС жүргізуде. Жұмыстардың сапасын «ГК ИНЖИНИРИГ» және «ZS Enginering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қадағалайды.
Жоба бойынша, Талдықорғаннан бастап ұзындығы 32 шақырым учаске толық 4 жолақты, І техникалық санатқа сәйкес болады. Ал 731 шақырымдық учаске 2-жолақты ІІ техникалық санатқа келтіріледі. Қайта жаңарту жұмыстарының барысында 6 көпір, темір жолдан өтетін 3 жол өткелі, жарықтандырылған 11 жол айрығы салынып, 276 құбыр, демалыс алаңдары мен автопавильондар орнатылады.
Қазіргі таңда 9970 м3 жер қазу жұмыстары жүргізілген. 252 су өткізгіш құбыр мен 22 мал өткелі орнатылды. Сондай-ақ, құм мен қиыршық тасты қоспадан 159 шақырым төсеме қабаты, жол табанының 130 шақырым төменгі қабаты, ірі түйіршікті асфальтбетоннан жол табанының 118 шақырым жоғарғы қабаты, ал жол жабынының 93 шақырым төменгі қабаты төселді. Жол өткелдері, көпірлер мен жол айрықтары іспеттес 25 нысанның құрылысы да қарқынды жүргізілуде.
Қайта жаңарту жұмыстарына 1188 арнайы жол-құрылыс техникасы мен 2319 білікті маман жұмылдырылған. Оның ішінде 106 адам шетелдік мамандар.